Даярлық сыныптары арасында ұйымдастырылған «Дәстүрімді дәріптеген әжелер!» атты сыныпаралық сайыс – ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор шара болды.
Бұл сайысқа 4 сыныптан төрт әже өз немерелерімен бірге қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен рухани мұрасын дәріптеуде өз өнерлерін ортаға салды. Әжелер немерелеріне атадан қалған асыл сөздерді, әдет-ғұрыптарды үйретіп қана қоймай, оны сахнада шебер жеткізе білді.
Сайыс барысында қатысушылар ұлттық тағам дайындау, салт-дәстүр көріністерін көрсету, мақал-мәтелдер айту, қолөнер бұйымдарын таныстыру сияқты кезеңдер бойынша бақ сынасты. Әжелердің өмірлік тәжірибесі мен даналығы, немерелердің тапқырлығы мен белсенділігі үйлесім тауып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бұл шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ұлттық тәрбиені насихаттау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасылық байланыс пен сабақтастықты нығайту болды. Әсіресе, әже мен немере арасындағы жылы қарым-қатынас, ұлттық құндылықтарға деген құрмет көпшілікке үлгі болды.






