Жиналыстың басты мақсаты – мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланысты нығайтып, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудің ортақ жолдарын қарастыру.
Маңызды басқосуға арнайы шақырылған меймандар белсене қатысты:
Е.Ж. Мәметеков – Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы;
М.Е. Сарсенов – Арқалық қаласы прокуратурасының прокуроры;
С.Ж. Қоңқас – Арқалық қаласы Полиция бөлімінің полиция подполковнигі.
Күн тәртібінде бала тәрбиесіне қатысты көкейкесті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Мектеп басшысы К.С. Козбағарова өз сөзінде білім шаңырағының заманауи талаптарға сай жабдықталған материалдық-техникалық базасын таныстырып, бұл оқушылардың сапалы білім алуына жол ашатын үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Сонымен қатар мектептің Аңғар, Әубәкіров және Макаренко атындағы мектептермен тірек мектебі ретінде тығыз әріптестікте жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Мектеп басшысы білім сапасын арттыруда тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздардың жетістіктері мен оқушылардың облыстық деңгейде бағындырған белестерін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Шара барысында құқық қорғау органдарының өкілдері С.Ж. Қоңқас пен М.Е. Сарсенов сөз алып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллинг пен бопсалаудың, сондай-ақ зиянды заттарды тұтынудың алдын алу бойынша маңызды ақпараттар беріп, сақтық шараларын түсіндірді.
Ал Әжелер алқасының төрайымы ЖаңақбаеваС.Қ. бала тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтардың орны мен ұлттық тәрбиеге қатысты салиқалы ойларымен бөлісті.
Өткізілген жиналыс мектеп, отбасы және қоғамның бірлескен әріптестігін нығайта түсті. Балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы – ортақ жауапкершілік екені тағы бір мәрте дәлелденді. Ынтымақтаса жасалған жүйелі жұмыс қана саналы, жан-жақты дамыған әрі білімді ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді.






